ШҚО-да орманда жай түсіп, 8 жерде өрт шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында найзағай салдарынан ормандарда өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, найзағай салдарынан кеше Бородулиха ауданында 1,13 гектар аумақты қамтыған 8 өрт оқиғасы тіркелген.

«Қызыл жалын ең алдымен сағат 10.46 кезінде Успенск орман шаруашылығында тұтанды. Орманшылардың жан-жақты күш салуымен 0,01 гектар аумақтағы өрт сөндірілді. Ал қалған жерлерде тілсіз жау әр түрлі уақыттарда шыққан. Оның ішінде Жернов орман шаруашылығында – 4, Орталық орман шаруашылығында – 3, Успенск орман шаруашылығында 2 өрт тіркелді. Тілсіз жаумен орманшылар күресіп, оларға дер кезінде Бородулиха ауданындағы №47 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері көмекке келген. Өртті ауыздықтауға 68 адам мен 20 бірлік техника жұмылдырылды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, дәл осындай өрт оқиғасы Бесқарағай ауданының 5 аумағында: Ақкөл, Рамазан, Дөңгелек, Подгородный және Рамодановское орман шаруашылықтарында да орын алған. Жалынмен күреске жеке құрамнан 54 адам және 18 бірлік техника жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар