ШҚО-да пациенттер бас дәрігерге WhatsApp арқылы жүгіне алады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелердің бас дәрігерлері бұдан былай WhatsApp желісінде тұрғындар сауалдарына жауап береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина бүгінгі өткен жиналыс барысында бас дәрігерлерді өңір жұртшылығымен диалог құру үшін тиімді құралдарды пайдалануға шақырды.

«Пациенттердің өз сауалдарын бас дәрігерге тікелей жолдауына мүмкіндігі болуы тиіс. Қазіргі уақытта қажетті ақпаратты жедел түрде алу үшін көптеген қолжетімді және қарапайым құралдар бар. Осы ретте WhatsApp мессенджерін пайдалану керек», - деді ол.

Қазіргі уақытта облыстың 10-ға жуық медициналық ұйымының бас дәрігері WhatsApp нөмірі арқылы «Қолжетімді бас дәрігер» функциясын іске қосқан. Аталмыш функция бойынша толық ақпарат әр медициналық ұйымның ресми сайттарында және бас дәрігерлердің әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында тұр.

Сонымен қатар басқарма басшысы медицина қызметкерлерінің жұмысына қатысты тағы бір маңызды жайт туралы сөз қозғады.

«Өз қызметкерлеріңіздің коммуникативті білімдерін жетілдіру бағытында оқыту жұмыстарын қолға алуларыңыз өте маңызды. Бұл шаралардың барлығы түптеп келгенде біздің тұрғындармен сапалы екі жақты қарым-қатынас орнатуымызға негіз болатыны сөзсіз», - деді Гүлмира Сағидуллина.


Соңғы жаңалықтар