ШҚО-да пандемияға қарамастан кәсіпкерлер саны 7% өсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қала, аудан әкімдерін шағын және орта бизнесті қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің қалалары мен аудандарының басшылары облыс әкіміне аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мәселелері бойынша есеп берді.

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында пандемияға қарамастан, көптеген салада көрсеткіштердің өскенін айрықша атап өтті.

Әсіресе бұл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына қатысты. Сондай-ақ инвестиция мен бюджетке түсетін салықтың көлемі де артқан.

«Пандемияға қарамастан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7%-ға өскені қуантады. Өскемен, Курчатов, Риддер қалалары мен Жарма және Күршім аудандарының әкімдеріне өңдеу өнеркәсібі секторына ерекше назар аударуды тапсырдым. Бұл салада Семей қаласы жақсы көрсеткішке жетіп отыр. Қалғандары ширақ қимылдап, табысқа жетулері керек. Статистиканы талдап, өткен жылдан қалған жобалары бар компанияларға назар аударыңыздар», - деді Даниал Ахметов.

Талқыға салынған екінші тақырып «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты болды. Бұл салада да жетістік бар.

Шығыс Қазақстан облысында қарапайым заттар экономикасының 270 жобасы бар.

Бүгінде оның 210-ы қаржыландырылған. ШҚО республикада бұл көрсеткіш бойынша бесінші орында.

Әкімнің пікірінше, алға жылжу динамикасы бұдан да жақсы болуы тиіс.

Шемонаиха, Күршім, Көкпекті және басқа да бірқатар аудандар бұл мәселеге жіті назар аударуы керек.

Аймақ басшысы оларға белсенді түрде жергілікті жерлердегі кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Мен өз ісін дамытқысы келетін бірде-бір кәсіпкер субсидиядан бас тартпайтынына сенімдімін. Олар қажет ақпаратты уақытында әрі оңай алулары керек. Субсидия – бұл жұмыс істеп тұрған бизнес үшін де, жаңа идеялар мен стартап-жобалар үшін де үлкен көмек. Көптеген азаматтардың ойлары дұрыс әрі мықты идеялары бар. Бірақ олар сол идеялары бойынша бизнес-жоспар дайындап, одан ары алып кете алмайды. Бұл жерде әкімдер мен кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары оларға жол сілтеп, қолдау көрсетулері тиіс. Алдағы уақытта әр әкіммен кездесіп, «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын қорғау жөнінде сөйлесемін», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар