ШҚО-да шекаралық аумақтағы жеке меншікке берілген жер телімдері тәркіленуі мүмкін

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шекаралық аумақтағы жеке меншікке берілген жер телімдері мемлекет пайдасына тәркіленіп алынуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дидар Болатұлының айтуынша, ҚР Жер кодексінің 23-бабына бірқатар өзгеріс енгізілген.

«Заңда жаңа тармақ пайда болды. Соған сәйкес шекара аумағында орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша пайдалануға берілмейді. Онда тек мал жаюға және шөп шабуға рұқсат берілген. Жер учаскесі кейбір жағдайларда мемлекет пайдасына мәжбүрлі түрде тәркіленіп алынады. Мұндай жағдайларының бірі – жерді қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктері үшін беру. Десе де меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шығындары жергілікті атқарушы органдар залалды бағалағаннан кейін толықтай өтеледі», - деді ол.

Мемлекет пайдасына алынған жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны олардың нарықтағы бағасымен есептеледі.

«Жерді тәркілеу – тез аяқталатын шаруа емес. Сондықтан меншік иелері жер телімдерінің тәркіленіп алынатындығы туралы алдын ала хабарланады», - деді Дидар Болатұлы.


Соңғы жаңалықтар