ШҚО-да жасөспірімдердің 98 пайызы коронавирусқа қарсы толық екпе алды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасөспірімдердің 98 пайызы коронавирусқа қарсы толық егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде бүкіл әлемде белең алған COVID-19 инфекциясының жаңа штамының салдарынан Қазақстан аумағында коронавирус жұқтырудың кезекті толқыны басталған. Талдау көрсеткендей, елдің барлық облыстарында вирусқа шалдыққандар саны күрт өсіп отыр. Ал бұл рейтингте Шығыс Қазақстан ең төменгілердің қатарында.

Статистикаға сәйкес, 13 қаңтарда облыста 31 адам коронавирус жұқтырған.

Салыстырмалы түрде бұл күні елордада 5,5 мыңнан астам адамнан қауіпті дерт анықталған.

ШҚО вакцинация деңгейі бойынша республикада өңірлер арасында көш бастап тұр.

«Қазіргі уақытта ересектер, балалар мен жасөспірімдердің 98 пайызы, жүкті және бала емізетін әйелдердің 24 пайызы вирусқа қарсы толықтай егілді. Алайда ұжымдық иммунитетті толық қалыптастыру арқылы ғана қалыпты өмірге оралуға болады. Ревакцинация – індетпен күресудің жалғыз тиімді әдісі. Мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын қорғау мақсатында медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Дегенмен, өз денсаулығын қорғау әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екендігін ұмытпайық», - деді Даниал Ахметов.

Өз сөзінде ол барша шығысқазақстандықтарды санитарлық нормаларды қатаң сақтап, ревакцинациядан өтуге шақырды.

«Тек біздің бірлігіміз бен жауапкершілігіміз коронавирусқа қарсы тұруға көмектеседі. Өзіңізді және жақындарыңызды вирустан қорғаңыз», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар