ШҚО-да жетпістен асқан ардагер бапкер әлі де бокстан шәкірт тәрбиелеп жүр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бокстан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Жакупов Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. Бүгінде жасы жетпістен асса да жастарды спортқа баулып, шәкірт тәрбиелеп жүр. ҚазАқпарат тілшісі 1 қазан – Қарттар күніне орай жарты ғасырға жуық ғұмырын боксқа арнаған ардагер бапкермен сұқбат құрды.

- Әңгімемізді боксқа қалай келгеніңізден бастасақ ?

- Жиен ағам ауылда былғары қолғаптың жоқтығына қарамастан жүннен тоқылған биялаймен балалар арасында жекпе-жектер ұйымдастырып, талайдың қызығушылығын оятқан еді. Жалпы бокс спорты қадым уақыттан бері қазақ жастарының қанына сіңген ғой. Сөйтіп біз сол кездері жүн биялайдың сыртын шылғаумен орап, өзара кім мықтыны анықтап жүрдік. Бокс әлеміне жасаған қадамым осылай басталды.

Ауылдан Өскеменге атбасын бұрып, дарынды балаларға арналған Жамбыл мектеп-гимназиясында оқуға түстім. 4-ші сынып оқитын кезім. Сабаққа да ынталы болдым. Әкем Қабыш есепке жүйрік, жоғары білімі бар азамат еді. Ортаазиялық мемлекеттік университеттің физика-математика факультетін тәмамдап, ұстаздық жолдан жауапты хатшы қызметіне дейін атқарған. Интернат қабырғасында оқып жүргенде жаттығуды бір сәтке де үзбей, қай жарыс болсын тас-түйін әзір жүруге тырыстым. Алғашқы бапкерім Виктор Мазурдың айтқанын екі етпедім.

- Ал өзіңіз бапкерлік жолды қалай таңдадыңыз ?

- 1975 жылы «Машзавод» директоры Леонид Парфенов шақырып, түсті металдар зауыттары арасындағы КСРО чемпионатына қатысуға қолқа салды. «Әзірлік жүргізуге алты ай уақыт беремін» деді. Төрт айдан кейін сайыстың басталатындығы туралы жеделхат келіп, артынып-тартынып Украинаның Львов шаһарына жол тарттым.

Додада барымды салып, қарсыластарымды ұтып финалға жолдама алдым. Шешуші сында Батыс Украинаның спортшысымен жолықтым. Ол да бокстан қара жаяу емес екен. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жекпе-жек басталды. Алдымен аңдысын аңдып жүрдім. Кенет оның құлаштаған соққысын өткізіп жіберіп, дәл тұмсықтан ұрдым. Реферий кездесуді тоқтатты. Украиналықтың мұрны сынған екен. Ринг төрешісі менің қолымды көтеріп, сол сайыста оза шаптым.

Жарыста зауыт туын төмен жықпағаныма дән риза Леонид Парфенов парткомды шақырып алып: «Мен оған уәде бердім, енді жаттықтырушы болады» деді. Бапкерлік жолым осылай басталды.

- Биік шыңдарды бағындырған шәкірттеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- 1978-1979 жылдары Жамбыл мектеп-интернатының директоры Уәлиахмет Байділдинов боксшылар даярлауға мүмкіндік берді. Шәкірттерімнің көбісін ел көлемінде нокаутшы ретінде мойындайды. Соның бірі – Әділет Құрметов. Екі дүркін ел чемпионы. Одан кейін Мирас Жакупов пен Мирас Байырхановты айта кеткен жөн. «Astana Arlans» клубы сапында ел мерейін талай асқақтатқан. Мәселен Мирас Жакупов кубалықтармен өткен финалдық кездесуде 52 келіде үнемі алғашқы ұпайды қоржынға салатын. Мирас Байырханов та осы дәстүрден жаңылмады. Бұл кәсіпқой бокс. Ал әуесқойлар арасында тәлімімді көрген егіздер Александр (54 келі) және Вячеслав (57 келі) Пономарев, Қайрат Байғалиев (60 келі) ел чемпионатында ешкімге есесін жібермеді. Соның ішінде Вячеслав 1986 жылы Пенза қаласында өткен КСРО чемпионатында күміс медаль иеленіп, айды аспанға шығарды. Оған дейін Тараз қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында оқыс жағдай орын алып, Вячеславтың аяғында ет сүйектен ыдырап кеткен болатын. Десе де дәрігерлер ауқымды аламанда бақ сынауға рұқсат берді. Пенза шаршы алаңында аяғындағы ауыр жарақатына қарамастан, шешуші сынға дейін жетіп, финалда Шабуров деген тәжік спортшысына есе жіберді.

- Шәкірт тәрбиелеуде өзіңіздің жеке әдісіңіз бар шығар ?

- Мен жаттығуда шәкіртімді аясам, ертең қарсыласы шаршы алаңда оны аямайды. Сондықтан темірдей тәртіпті талап етемін. Жаттығу барысында ауыр гантельдерді жиі қолданып, соққы жұмсау кезінде соның әсері сезілетіндей жүктемені күшейтемін. Осыны әдетке айналдырған шәкірттерім шаршы алаңда әр соққысын екшеп, орнымен жұмсаудың арқасында нокаутка түсіреді.

- Қанша жасқа дейін бапкерлікпен айналысамын деп ойлайсыз ?

- Оны уақыт көрсетеді. Өзімнің шамам бар екендігін, жас спортшыларға пайдам тиіп жатқандығын сезінгенімше бапкерлік жолдан таймаймын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар