ШҚО-дағы арнайы әлеуметтік орталық карантин кезінде қалай жұмыс істеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысындағы Зимовьевка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ирина Феклистова коронавирус пандемиясы кезінде қалай жұмыс істеп жатқандары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зимовьевка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы талай жылдан бері денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін жандарға қамқорлық көрсетіп келеді. Бұл мекемеде ем қабылдап, оңалту курсынан өткен пациенттердің дені қоғамдағы қалыпты өмір сүруге көшкен. Облыстағы мемлекеттік органдардың қолдауымен мұндағы оңалту бөлімшесінің жағдайы біршама жақсартылды. Биыл орталықтың қамқорлығындағы екі адам оңалтудың толық курсынан өтіп, қалыпты өмірге дайындалуда.

Осы жылы аталмыш мекеменің жұмысына коронавирус инфекциясына байланысты өзгертулер енгізілді. Бұл орталықта тұратын адамдардың дені аталған вирусты жұқтыру қаупі жоғары топқа жатады. Сондай-ақ, вирус қызметкерлер мен келушілерге де жұғуы мүмкін.

Зимовьевка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ирина Феклистованың айтуынша, карантин кезінде мекеме қамқорлығындағы адамдар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін мұндағы жұмыс уақыты вахталық режимге ауыстырылған. Соған орай қызметкерлер екі апта сайын кезектесіп еңбек еткен. Қазіргі уақытта вахталық әдіс алынып тасталды. Мекеме бұрынғы жұмыс режиміне көшті. Десе де барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуда.

Ирина Юрьевнаның айтуынша, орталыққа облыс әкімдігі көп қолдау көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік және банк қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен «Қызмет» қоғамдық қызмет көрсету орталығы да демеу білдіруде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында еңбек терапиясы корпусына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мекеме аумағы абаттандырылды. Ең бастысы, жаңа модульдік қазандық салынуда. Әйтпесе, бұған дейін 58 жыл бойы жөнделіп келе жатқан қазандықты пайдаланып келген едік», - деді Ирина Феклистова.

«Вместе мы сможем больше» акциясы аясында орталыққа кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Мекеме қызметкерлеріне арнап жеке медициналық қорғаныс құралдары мен азық-түліктер сатып алынды. Сондай-ақ жалғызбасты және көпбалалы аналардың балаларына көмек көрсету мақсатында аяқ киімдерге тапсырыс берілді.

Кәсіподақ төрайымы Сәуле Самарханованың айтуынша, кәсіподақ қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және әрбір қазақстандықтың ертеңгі күнге сеніммен қадам басуына көмек көрсетеді.

«Біз карантин кезінде мониторинг жасап, кәсіподақ мүшелеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге тырысып келеміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар