ШҚО-дағы кәсіпорында ПТР зертхана ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы KAZ Minerals тобы елдегі өнеркәсіптік компаниялар арасында бірінші болып полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен жұмыс істейтін зертхананы іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтоғай кен орнындағы бұл зертханада компания мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері тестілеуден өтеді. Жеке зертхана сынамалардың нәтижелерін алу процесін жеделдетуге, сондай-ақ, компания жұмысшыларына бұрын клиникалық-диагностикалық қызметтер көрсеткен өзге зертханаларға жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

«Ақтоғайдағы жұмысшылар саны егер екінші кен байыту фабрикасының құрылысындағы қызметкерлерді есепке алсақ, 4,5 мың адамға жетеді. Қажет болған жағдайда зертхана компанияның Қазақстандағы барлық кәсіпорындарынан келген биоматериалдарды өңдейді деп жоспарланған. Бұл модульдік зертхана елімізде жасалған. Құны - шамамен 150 млн теңге. Қосымша 20 000 тест-жиынтық сатып алынды», - дейді KAZ Minerals тобы корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дүзкенев.


Оның айтуынша, зертхананың қуаты тәулігіне 552 сынаманы өңдеуге мүмкіндік береді. Бір цикл 4-24 сағат арасында өңделеді. Сонымен қатар мұнда басқа да клиникалық және диагностикалық зерттеулер жүргізуге болады.

Айта кетейік, KAZ Minerals ШҚО Денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға да жәрдемдесуде. Демеушілік көмек аясында Шемонаиха аудандық ауруханасына оттегі станциясын сатып алуға 12,5 млн теңге және Глубокое ауданының ауруханасына ЖҚҚ жиынтықтарын (бір реттік костюмдер, маскалар, қолғаптар) және дезинфекциялау құралдарын алуға 4,3 млн теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар