ШҚО-дағы өрт үш баланың өмірін қиып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында екі өрт оқиғасы болып, үш бала көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ТЖ департаментінің Азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелін төмендету және бақылау басқармасына сілтеме жасап.

ТЖ департаментінде кеше Ұлан және Бородулиха аудандарында өрт болғанын хабарлады. Асубұлақ ауылында тілсіз жау жер үйді толығымен жалмап өткен. Кейіннен өрттің электр жылыту қондырғыларының жылу әсерінен болғандығы белгілі болды.

«Үйде 73 жастағы атасы мен бала кезінде сал ауруына шалдыққан оның 14 жасар немересі тұрған. Егде жастағы адам халықтың әлеуметтік осал топтары тізімінде болған. Өрт сөндірушілер оған бірнеше рет барып, өрт қауіпсіздігінің талаптарын көрсетіп, нұсқау берген. Ақыр соңында қосылып тұрған электр жылытқыш, қызған спираль және оларға жақын орналасқан заттар қайғылы жағдайға соқтырған», - деп түсіндірді басқармада.

Өрт сөндірушілерге жалынды өшіруге бірнеше сағат қажет болған. Өрт аумағы 150 шаршы метрді құрады. Тексеру кезінде ұйықтайтын бөлмеде еденнен қарияның, ал төсек жанынан баланың жансыз денелері табылған.

Сол күні Бородулиха ауданының Камышенка ауылынан тағы бір қайғылы оқиға туралы хабар келген. Ағалы-інілі екі бала өрттен көз жұмған. Сұрастыру барысында 4 және 5 жастағы балақайлар үйде жалғыз қалған. Отбасылық жанжалдың салдарынан ішімдікке тойып алып, үйден кетіп қалған отағасын әйелі іздеуге шыққан. Ал балаларды сыртынан құлыптап кетіпті.

Куәгерлердің айтуынша, балалар ашық қолжетімді жерде тұрған сіріңкемен жүйелі түрде ойнап жүрген. Өрт аумағы шамалы болды, бар-жоғы - 2 шаршы метр. Осы факті бойынша материалдар полиция қызметкерлеріне берілді, олар алдағы уақытта осы істі жүргізетін болады.

ШҚО ТЖД-да жылыту маусымы басталғаннан бері облыс бойынша 500-ден астам өрт оқиғасы орын алғанын атап өтті. 40% -ға жуық- жер үй секторында тіркелген. Өрттің басым көпшілігі отты дұрыс жақпаудан, пештің дұрыс жұмыс істемеуінен, электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзу салдарынан орын алған. 13 оқиға балалардың отпен ойнау шалалығынан болған, бірақ олардың бәрі қайғылы оқиғамен аяқталған жоқ. Жылу беру кезеңі басталғаннан бері тілсіз жау 13 адамның өмірін жалмаған, олардың үшеуі - кеше ересектердің ұқыпсыздығы мен абайсыздығынан ажал құшты.


Авторы:

Орал Ерланұлы

Соңғы жаңалықтар