ШҚО-ға келген туристерден ішінара ПТР анықтамасы талап етіледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында вирус өршіп тұрған аймақтардан келген туристерде COVID-19-ға тапсырған ПТР анықтамасы талап етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазина онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында жаз кезінде туризм саласына қойылатын талаптарды атап өтті.

«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, «сары» және «жасыл» аймақта тұрған өңірдегі қонақ үйлердің, демалыс базаларының, санаторийлік-курорттық ұйымдардың қызметіне рұқсат берілген. Алдағы туристік маусым бойынша індеттің алдын алу жөніндегі шараларды айқындайтын арнайы қаулы шығаруды жоспарлап отырмыз. Қаулы жобасына сәйкес туристік және рекреациялық аймақтарда орналасқан демалыс орындарының иелері шектеу шаралары жағдайында жұмысқа әзірлік актісін алуға тиіс. Тек содан кейін жұмысқа кірісуіне болады. Бұл құжатты мониторингілік топтың объектіні тексеру нәтижелері бойынша аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы береді», - деді ол.

Сонымен қатар үй иелері www.infokazakhstan.kz сайтынан электронды форматта берілетін санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуы қажет. Вирус өршіп тұрған аймақтардан келген туристтерде COVID-19-ға тапсырылған ПТР-сынаманың теріс нәтижесі болуы тиіс. Бұл ретте, егер азаматта сынаманың теріс нәтижесі болса, онда оның қасында еріп жүрген бес жасқа дейінгі балалардан ПТР-сынама талап етілмейді. Демалысқа келген бір отбасы мүшелерінде тек 1 сынама нәтижесі болса жеткілікті.

«Демалыс орындарының толтырылуы 80 пайыздан аспауы тиіс. Келушілердің жартысы ғана бір уақытта тамақтану орындарына кіре алады. Шеткі үстелдердегі орындықтар арасындағы әлеуметтік арақашықтық бір жарым метрден кем болмауы қажет. Бұдан бөлек, суға түсу орындарын қоспағанда, барлық қоғамдық орындарда маска режимі және әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталады. Қаулы жобасы қазір ШҚО әкімі аппараты мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне келісуге жолданды. Егер Шығыс Қазақстан «қызыл» аймаққа өтетін болса, онда карантиндік шаралар одан әрі қатаңдатылады», - деді Сәуле Сләмғазина.


Соңғы жаңалықтар