ШҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша республикада көш бастады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша республикада көш басында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 103 млрд теңге болатын 180 жоба жүзеге асып жатыр.

Жобалар тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға, ТҮКШ жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

Аталған жобалар саны бойынша өңір Қазақстанда көшбасшы болып отыр.

«Семей және Өскемен қалаларында электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Өскеменде «Сергек» фото-бейнетіркеу камералары іске қосылған. Осындай жоба Семейде де қолға алынған. Сондай-ақ жеке инвестор Курчатов шаһарындағы балабақшаны реконструкциялау жұмыстарына кірісті. Бұған 482 млн теңге жұмылдырылған. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шеңберінде Бүйрек орталығы мен хоспис қызметін жүзеге асыру үшін Семейдегі және Ұлан ауданы Таврия ауылындағы ауруханалар ғимараттарының бір бөлігі сенімгерлік басқаруға берілді», - делінген ақпаратта.

Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 75 млрд теңгеге 12 бастама бойынша келісімдер жасалды.

Өскемен және Семей қалаларында жылумен, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша 3 жоба іске асырылуда.

«Осы екі қалада көше жарығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылдан бастап 19 мың шам ауыстырылды. Осындай жұмыс барлық аудан орталықтарында жалғасып жатыр. Жоба бойынша 32 мың шамды ауыстыру көзделіп отыр», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар