ШҚО-ның «Цифрлық Қазақстан» бойынша жетістіктері қандай

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобалар барлық салада жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда екі IT-орталық жұмыс істеп тұр. Оның бірі Жоғарғы политехникалық колледжде, екіншісі Электротехникалық колледжде орналасқан. Онда студенттер білім нәрімен сусындап, оқытушылар тәжірибеден өтуде.

ШҚО-дағы 648 мектепте IT-сынып бар. Аталмыш сыныптар тереңдетілген цифрлық бағдарлама бойынша іске қосылып, әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Жыл сайын облыстық чемпионаттар мен ІТ-хакатон ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Jastar time» инновациялық орталығы ашылды.


«COVID-19 пандемиясына байланысты қашықтан оқыту digitalkz.kz порталында жүзеге асырылды. Осы арқылы 21 мыңнан астам адам оқыған. Шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін 11 электронды қызмет көрсету орталығы ашылды. Ал осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін дәл осындай 3 орталық жұмысын бастамақ. Цифрлық оқытудың қорытындысы бойынша электронды қызметтердің үлесі артқан. Халыққа көрсетілген қызмет 2019 жылмен салыстырғанда 6% артты», – деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығынан.

Өңірлік электронды қызмет көрсету орталығы бизнес саласы бойынша көрсетілетін 6 қызметтің мобильді нұсқасын іске қосты. Облыс бойынша 565 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылды. Онда 476 мыңнан астам қызмет көрсетілді. КВИ пандемиясы кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары қашықтан қызмет көрсетуге кіріскенде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары арқылы 30 мыңнан астам электронды қызмет көрсетіліп, 2,5 мың цифрлық кілт жасалып, 746 адам мобильді азамат базасының қосымшасына тіркелді.

«Сонымен қатар Өскеменде фото-видеофиксациялау және видеосараптама жасау жобасы аясында 4 мыңға жуық «Сергек» камерасы іске қосылған. Камералар 159 қиылыс пен желілік учаскелерде орын алған заңбұзушылықтарды тіркеп отырады. Биыл аталмыш камералардың көмегімен 5092 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 84 қылмыстық іс қозғалды. Қоғамдық орындардағы қылмыс 37%, қала көшелерінде 41%, жол-көлік оғиғалары 36% төмендеді. Кешенді талдаудың нәтижесінде азаматтардың сенімі артты», - делінген мәліметте.


Облыстағы медицина саласының 99% денсаулық сақтаудың электронды паспортымен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың 77% мобильдік қосымша арқылы көмекке жүгінеді. «DamuMed» платформасында «Пациенттерді онлайн қабылдау» жүргізіледі. Цифрлық қызмет мониторингі облыстағы қалалар мен аудандарда да іске қосылды. Осы арқылы провизорлық және инфекциялық стационардағы жағдайды бақылап, ПЦР, КТ мен рентген бойынша жасалған зерттеу жұмыстарын қарауға болады.


ШҚО Ақпарат орталығының дерегінше, Семейде жолақыны электронды түрде төлеу мақсатында «Avtobys» жүйесі іске қосылды. «Bus Report» бағдарламасы бойынша әрбір автобустың бағытын бақылауға болады. 2020 жылдың қазан айына дейін Өскемендегі қоғамдық көліктерде диспетчерлік ақпараттық модульдің көмегімен жолақы төлеуді автоматтандыру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар