ШҚО-ның «қызыл» аймақтағы өңірлерінде мектептер аралас форматқа көшті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Қызыл» аймаққа енген Өскемен мен Семей қалаларының және Аягөз ауданының тұрғындарына карантиннің күшейтілген талаптары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин шектеу шараларын түсіндіріп берді.

«Пандемия басталғалы бері Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясының 24 мың жағдайы тіркелді. 19 сәуірден бастап облыс «сары» аймақта тұр. Алайда, Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз ауданындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Тек соңғы аптада Семейде 240 науқас анықталса, Өскеменде 209 жағдай тіркелді. Ал Аягөз ауданында 67 адам коронавирус жұқтырған. Коронавирустың таралуына қатысты жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бұл 3 өңір «қызыл» аймаққа енді. Осыған байланысты облыстың Бас мемлекеттік-санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер жасалды», - деді ол.

Ғалымбек Алиннің айтуынша, Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз ауданындағы объектілердің жұмысына бірқатар шектеу енгізілді. Атап айтқанда, ғимарат сыртындағы азық-түлік және шаруашылық заттар саудалайтын базарлар сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеп, жексенбі күні жабық болады. Ғимараттардың ішіндегі базарлар демалыс күндері мүлде жұмыс істемейді.

«Азық-түлік емес тауарларды сататын сауда объектілері жұмыс күндері ғана сағат 21.00-ге дейін келушілерді қабылдайды. Ал қоғамдық тамақтану объектілері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін ашық болады. Сондай-ақ мектепке дейінгі балалар мекемелерінде 15 адамнан аспайтын топтарды жинақтау сақталған кезде кезекші топтардың болуына рұқсат берілген. Көрермендердің қатысуымен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге де тыйым салынды», - деді департамент басшысының орынбасары.

Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-ке дейінгі сыныптарда, халықаралық мектептерде 1-ден 7-ге дейінгі сыныптарда балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқыту жүйесі қайта енгізіледі. 10-11 сыныптар аптасына алты күн аралас форматта оқиды. Оларға сабақтың 70 пайызы мектепте, 30 пайызы қашықтан оқытылады.


Соңғы жаңалықтар