ШҚО-ның Риддер қаласында жаңа аурухана мен мектеп салынады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Риддер қаласына барып, бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Риддер қаласына жасаған жұмыс сапарым барысында «Қазмырыш« ЖШС-де болдым. Бұл кәсіпорынның ғылыми-техникалық жобалары жақын арада металлургия саласында ғана емес, қайта өңдеу өнеркәсібінде де үлкен серпіліс жасайды. «Қазмырыш« ЖШС басшылығы біздің ҒЗТКЖ өңірлік бағдарламасын қолдап қана қоймай, оның белсенді серіктесі болып отыр», - деп жазды Даниал Ахметов Instagram-дағы жеке парақшасында .

Сондай-ақ Риддерде көпсалалы спорттық модуль құрылысы аяқталып, жаңа кешен бой көтерді. Мұнда жүгіру, жекпе-жек және жаттығу залдары бар. Ал орталық алаңда футбол, волейбол және баскетболмен ойнауға болады. Киім ауыстыратын жылы бөлмелер де қарастырылған. Жақын арада осындай жабық модульдер облыстың барлық аудандарында пайда болмақ.

«Алдағы уақытта Риддерде жаңа аурухананың құрылысы басталады. Құрамында 140 төсектік стационар мен емхана болады. Өкінішке қарай, Қарағандының мердігері өзіне жүктелген міндетті атқармады. Тендерді жеңіп алған компания алға қойылған тапсырманы орындай алмады. Сот отырыстары өткізіліп, енді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы қысқа мерзімде аяқталады. Жұмысқа ШҚО компаниялары кіріседі. Жалпы, Риддерге медициналық мекемелер КВИ-дің жаңа толқынына дайын екенін атап өткім келеді. Жеткілікті мөлшерде 7 ӨЖЖ аппараты, 23 оттегі концентраты мен сандық рентген бар. Қазан айында облысқа 216 жедел жәрдем көлігі жеткізіледі», - деді облыс әкімі.

Риддерді дамытуға биыл 2,6 миллиард теңге бөлінген. Осы жылы 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ.


Соңғы жаңалықтар