ШҚО тұрғынының көлігінен елік еті табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көлігінен елік еті табылған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ақпан айының ортасында тәртіп сақшылары «Өскемен-Рахман қайнарлары» тасжолында «УАЗ» автокөлігін тоқтатқан. Серебрянск қаласының 35 жастағы тұрғыны тізгіндеген көліктің жүксалғышынан бір қап ет пен 2 шаңғы табылған.

«Үйге бара жатқанын айтқан жүргізуші еттің еліктікі екенін, оны өзі кесіп алғандығын жеткізді. Оның қалтасынан пышаққа ұқсас зат шықты. Көлік салонында тағы 1976 және 2000 жылы туған екі ер адам болған. Жолаушылар Серебрянск және Алтай қалаларында тұрады», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Тергеу жүргізу мақсатында жүргізуші мен жолаушылар Бұқтырма полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабы 3-бөлігімен (заңсыз аң аулау) сотқа дейінгі тергеу басталды.


Соңғы жаңалықтар