Шығыс Қазақстан облысына 10 жылжымалы медициналық кешен алынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына 10 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы мәлім етті.

«Өңір бойынша бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 15 263 жағдайы тіркелген. Инфекциялық және карантиндік стационарларда төсек-орындардың 17,1% толды. Облыста барлығы 3374 инфекциялық және 490 карантиндік төсек-орын бар. Қазірде 637 адам ауруханаға жатқызылған», - деді ол.

Инфекциялық стационардан қауіпті дерттен сауығып шыққан 8 375 адам шығарылды. Облыста COVID-19 инфекциясының таралу қаупін азайту, науқастармен байланыста болған адамдарды уақтылы іздеу және оқшаулау үшін медициналық-эпидемиялық бригадалар құрылған. Олардың жұмысын облыс әкімінің ситуациялық орталығы базасындағы оқшаулау орталығы үйлестіреді.

«Сонымен қатар тұрғындардың күту уақыты мен жедел жәрдем көлігінің жүктемесін азайту мақсатында 216 дана көлік жеткізілмек. Қазірде 77 жедел жәрдем көлігі алынды, қалғандары жыл соңына дейін әкелінеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, облыстың қала, аудандарына 10 жылжымалы медициналық кешен алынған», - деді Думан Берікұлы.


Соңғы жаңалықтар