Шығыс Қазақстанда 200-ден астам автобус жүргізушісі жазаланды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 21-23 қазан аралығында «Автобус» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шараның мақсаты - қоғамдық көліктегі құқық бұзу деректерін анықтау, автобус жүргізушілерінің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Бір күн ішінде полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған 247 жүргізушіні анықтады.

«Рейске шыққан автобустардың 12-сі міндетті техникалық бақылаудан өтпеген. Ал 17 автобустан шығатын зиянды түтін бекітілген нормадан асып кеткен. Сонымен қатар маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 43 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 40-қа жуық жүргізуші көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін жазаланды», - деді ШҚО ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Нұриев.

Бұдан бөлек, 330-дан астам автобустың электр жабдықтарының жай-күйі тексерілді.

Қоғамдық көлікті техникалық ақауы болғанына қарамастан рейске шығарған бес автобус паркінің басшысы жауапқа тартылған.


Соңғы жаңалықтар