Шығыс Қазақстанда 28 қазаннан бастап карантин күшейтіледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында карантин қатаңдатылып, бірқатар шектеулер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Марат Ысмайылов жаңа қаулы қабылдады. Бұл құжат 28 қазан сағат 00:00 бастап күшіне енеді.

Оған сәйкес, Өскеменде театр, мәдени нысандар, бассейн, сауна, монша, кітапханалар мен музейлердің жұмысына тыйым салынды. Облыстың басқа өңірлерінде бұл нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, әрі қарай жұмыс істей береді.

Фитнес орталықтар, СПА, жаттығу залдары мен спорт-сауықтыру кешендері де жұмысын тоқтатады.

Қалааралық автобустар жүрмейді, автостансалар мен автовокзалдар жабық тұрады.

Сондай-ақ бұрыннан келе жатқан той, мерекелік шара, спорт жарысы, көрме, бейбіт митинг, форум мен конференция секілді шараларды өткізуге салынған тыйым сақталады. Караоке, бильярд, компьютер клубтары, түнгі клуб, боулинг орталықтары, балалар аттракциондары, ойын алаңдары мен букмекерлік кеңселер, кинотеатр, фудкорттар баяғыша жұмыс істемейді.

Бас санитар аудан-қала әкімдеріне де бірқатар тапсырма жүктеген. Атап айтқанда, олар облыс аумағында және Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен аудандардың периметрінде шектеу шаралары енгізілетін аймақтың шекарасын белгілеуі тиіс.

Паркте, көшеде бір отбасы мүшесі болмаса, жалпы үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды.

Жасы 65-тен асқан кісілер сыртқа шықпай, қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылады. Жалпы, жұмыс берушілер қызметкерлердің кем дегенде 60 пайызын осы форматқа ауыстыруы тиіс.

Азық-түлік дүкендері мен дәмханалар түнгі 22:00 дейін ғана жұмыс істейді. Ал медицина орталықтары мен стоматология алдын ала жазылу арқылы кешкі 18:00 дейін қызмет көрсетуі тиіс.

Қаулының толық мәтінімен мына сілтемеде танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар