Шығыс Қазақстанда асыл тұқымды мал тиелген көлік жолдан шығып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мал тиелген ауыр жүк көлігі жолдан шығып кетті. Полиция қызметкерлері көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Алматы – Өскемен» тасжолының 745-шақырымында қатты жел мен көктайғақтан фура жолдан шығып кетті. Жүргізушінің айтуынша, ол 45 бас асыл тұқымды ірі қара мал тиелген тіркемесімен облыс орталығына келе жатқан. Алайда, ауа райының қолайсыздығынан осындай келеңсіз жағдайға тап болған.

Хабар түсе салысымен полиция қызметкерлері жедел оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары ДЭУ-1 қызметкерлерімен бірге жүргізушіге көмек көрсетті. Барлығы күш салып, ақыры көлікті қауіпсіз жерге сүйреп апарды.

Кейін анықталғандай, автокөліктің электр жабдығы бұзылып қалған. Ақау жөнделген соң жүргізуші полицейлерге алғысын айтып, сапарын әрі қарай жалғастырды.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті боранды күні сапарға шығар алдында жолдың ашық немесе жабықтығын алдын ала тексеріп, жолда барынша абай болуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар