Шығыс Қазақстанда «Ауыл – ел бесігі» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізгі 3 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, ауылды жерлерді жаңғырту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және халықтың ауылдан үдере көшуін тоқтату. Бүгінде Шығыс Қазақстанда бұл жоба қалай іске асырылып жатыр? Осы мақаламызда бұл сұрақтың жауабын тарқатып көрдік.

116 ауылдың тізімі жасалды

2019 жылдың ақпанында бағдарлама алғаш іске қосылғанда Шығыс Қазақстанда 4 тірек ауыл, атап айтқанда Глубокое, Көкпекті, Күршім және Үржар ауылдары қамтылған болатын.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 4 елді мекендегі көшелерді орташа жөндеу, 3 спорттық-сауықтыру кешені мен Мәдениет үйлерін салу сынды 8 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген.

Облыстың 20 тірек ауылында 51 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге жұмылдырылды. Өңір ауылдарының инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге қосымша 16,2 млрд теңге бөлінді.

Осылайша, «Ауыл - ел бесігі» жобасына барлығы 23,7 млрд теңге құйылған.

Бүгінде жоба аясында тірек ауылдар мен басқа да елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру міндеттері шешімін тауып келеді.

«Ауыл - ел бесігінің» аймақтық жоспары бойынша білім беру саласында 13 жоба қамтылмақ. Сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 6 жобадан. Ал жол жөндеу бойынша 20 жоба бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тірек ауылдарға аймақтық стандарттарды енгізуді тапсырған болатын. Бұған жарқын мысал ретінде шекаралық 5 ауданды айтуға болады: Күршім, Катонқарағай, Үржар, Зайсан және Тарбағатай. Осы аудандар бойынша алдағы бес жылға әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары бекітілген. Қаржыландырудың жалпы мөлшері 218,5 млрд теңгені құрап отыр», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бекітілген өлшемдер негізінде Шығыс Қазақстан облысындағы 683 елді мекеннің ішінде перспективті 116 ауылдың тізімі жасалды.

Биыл инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін 20 тірек ауыл таңдалып отыр.

Атап айтқанда, Глубокое, Бородулиха, Көкпекті, Күршім, Марқакөл, Қалжыр, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Солдатово, Тұғыл, Ақжар, Үржар, Мақаншы, Алтыншоқы, Шолпан, Қаратал, Қарауыл, Қалбатау, Ақтоғай, Әуезов ауылдары.

Бүгінгі таңда 44 жоба мәресіне жетті. Осы жылдың соңына дейін тағы 4 объекті аяқталады деп жоспарланған. Ал 3 жоба келесі жылға дейін созылады.

Қаражаттың жұмсалуына мониторинг қалай жүргізіледі

Глубокое ауылында Мәдениет үйі бой көтерді. Сонымен қатар көпір салынып, жолдар, мектептер, балабақша мен аурухана жөнделді.

Медициналық мекемеде жаңа жұқпалы аурулар бөлім ашылды. Көпқабатты үйлер салынып, аулалар абаттандырылды. Жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты жаңартылды.

Үржар ауылында спорттық-сауықтыру кешені бой көтерді. Су құбырлары мен көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынды. Аулалар, кітапханалар мен клубтар абаттандырылып, футбол және ойын алаңдары ашылды.

«Күршім, Марқакөл, Үлкен Нарын, Катонқарағай ауылдарында талай жылдардан бері алғаш рет тұрғын үйлер, оның ішінде көпбалалы отбасыларға арналған баспаналар салынып жатыр. Жолдар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, клубтар салынып, күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ аулалар абаттандырылып, ойын алаңдары ашылды. 2026 жылдың соңына қарай «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шаралары барлық 116 тірек елді мекенді қамтып, басқа да шекаралас ауылдар көлік байланысымен қамтамасыз етіледі», - делінген әкімдік мәліметінде.

Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қабанбай ауылындағы спорт модулін салу жоспарланған.

Ауыл көшелерін жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

«Бағдарлама аясында 4 ауылдағы, атап айтқанда Жоғары Егінсу, Келдімұрат, Қабанбай және Таскескенде 22 шақырым жол жөндеуден өтеді. Жаңа оқу жылы басталар алдында Ақтанберді, Егінсу және Майлин атындағы 3 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді», - деді ол.

Жаңа жұмыс орындары ашылуда

Осы орайда облыста «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Еңбек», «Бизнестің Жол картасы-2025» және агроөнеркәсіптік кешенді дамытатын бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Жасалған кешенді қадамдардың нәтижесінде, көлік жолдары желісі дамытылып, шағын аудандарда тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникациялар салу, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығын қолдау, шағын кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жобалары іске аспақ.

«Ауыл – ел бесігі» жобаларының іске асырылуын бақылау үшін әр жобаның паспорты мен орындалу мерзімі көрсетілген егжей-тегжейлі жоспары әзірленіп, жауапты қызметкерлер бекітілді. Атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражаттың жұмсалуына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Халықты әлеуметтік қолдау тұрғысынан қарағанда, «Ауыл - ел бесігі» жобасымен қамтылған 20 ауылда 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылуда. Бұл әсіресе пандемия кезінде үлкен маңызға ие», - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар