Шығыс Қазақстанда биыл 3 жаңа мектеп ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл білім беру мекемелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 10,9 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов өңірде мектеп пен балабақша құрылысының қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Осы жылдың қыркүйек айында 3 жаңа мектеп қолданысқа берілмек.

«Ұлы ақынның 175 жылдығына орай Абай ауданының Қарауыл ауылында Назарбаев интеллектуалдық мектебінің стандарты бойынша жабдықталған 300 орындық заманауи мектеп ашылады. Өскемендегі Ахмер ауылында 1000 орындық жаңа мектеп ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 300 орындық интернаты бар 600 оқушыға арналған мектеп ашылмақ. Онда аз қамтылған отбасыдан шыққан және облыстың өзге өңірлерінен келген балалар оқитын болады. Бұл мектеп әскери бағытта тәлім-тәрбие береді. Егер нәтижесі оң болса, облыстағы басқа білім ошақтарында да осы әдіс қолданылмақ», - деді ол.

Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Өскеменде 915 орындық 5 балабақша ашылады. Аталмыш нысандар Есенберлин, Революционный, Байбатчина, Өтепов көшелерінің бойында және Ахмер ауылында бой көтереді.

«Облыс орталығында жас техниктер стансасында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген соң қосымша білім беру мақсатында SMART-орталық ашылмақ. Биыл 423 білім беру мекемесіне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 10,9 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 5 есеге көп. Қазірде 423 нысанның 381-де тиісті жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал қалғандары 20 тамызға дейін қолданысқа беріледі», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар