Шығыс Қазақстанда қос азаматтығы бар 28 адам анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 28 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жыл басынан бері қос азаматтығы бар 28 адамды жауапқа тартқан.

Мәселен, жуықта Глубокое аудандық ПБ көші-қон қызметінің өкілдері ел аумағында болған кезде Қазақстан азаматының құжаттарын пайдаланған Ресей Федерациясының азаматын анықтады.

Осылайша, ол азаматтық туралы заңнаманы бұзған.

Бұдан бөлек, Семей қаласының тұрғыны квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп жүрсе де Алтай өлкесінде Ресей Федерациясының азаматтығын алған.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 496-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылды.

Ведомство мәліметінше, ҚР Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейді. Алайда мемлекеттен тыс жерлерге уақытша шығатын азаматтар басқа елдің азаматтығын қабылдап жатады.

«ПД көші-қон қызметі басқармасы тұрақты негізде қос азаматтықты анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Оның ішінде шетелдік азаматтықты алу фактілері туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін - 8 адам, Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды пайдаланғаны үшін - 20 адам жауапқа тартылды», - деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.


Соңғы жаңалықтар