Шығыс Қазақстанда перзентханаларды жабдықтау үшін арнайы бағдарлама іске асырылуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы перзентханаларды жабдықтау үшін арнайы бағдарлама іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында ана мен баланың денсаулығын сақтау жөнінде арнайы бағдарлама іске асырылуда. Соның нәтижесінде, 3 ауылдық медициналық ұйымды І деңгейге, 9 аудандық және 2 ауданаралық аурухананы І деңгейден ІІ деңгейге ауыстыру жоспарланған. Бұл қиын жағдайдағы әйелдерді босандыруға және салмағы 1500 грамнан басталатын нәрестелерді күтуге мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ ІІІ деңгейлі перзентханалар да тиісті жабдықтармен қамтылады. Осылайша салмағы 500 грамнан асатын нәрестелерді күтуге мүмкіндік тумақ. Жалпы 2021 жылы 3,3 млрд теңгеге ана мен баланың денсаулығын сақтауға қажетті медициналық жабдықтар сатып алынады», - деді Даниал Ахметов халыққа есеп беру барысында.

Оның айтуынша, өңірде балалар мен ересектерге арналған мамандандырылған гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Бұл медициналық мекеме 2022 жылы пайдалануға берілмек.

«Осылайша, гематология, ядролық медицина, роботтандырылған хирургия орталықтарын бірыңғай жүйеге біріктіре отырып, медициналық туризмді дамытуға негіз болатын қуатты медициналық кластер құрылады. Бұдан бөлек, осы жылы медицина саласының мамандарын оқытудың үш деңгейлі бағдарламасын 3 жылға (2021-2024 жж.) түзету, Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасының пациенттері мен медициналық персоналы қауіпсіздігінің халықаралық стандартына сәйкес JCI аттестаттауды өткізуді, Ядролық медицина орталығының базасында радиойодтерапия жүргізе отырып, радионуклидтік терапия бөлімшесін ашуды көздеп отырмыз», – деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар