Шығыс Қазақстанда суға шомылу маусымына дайындық жүргізілуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы суға шомылу маусымына дайындық жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, суға шомылу маусымы 1 шілдеде басталады. Қазіргі уақытта құтқарушылар дайындық жұмыстарын бастап кеткен.

Өткен жылғы суға шомылу маусымында өңірдің су қоймаларында 41 адам құтқарылған. Өкінішке қарай, жыл сайын тұрғындардың суға бату фактілері де тіркеліп жатады. Мәселен, былтыр 31 адам суға кетсе, оның ішіндегі 8-і бала. Барлық жазатайым оқиғалар жабдықталмаған жерлерде болған. Суға батқан адамдар саны жағынан – Семей (11), Өскемен қалалары (5) мен Алтай ауданы (4 ) алдыңғы орындарда тұр», - деді Өскемен қалалық ТЖБ бастығының орынбасары Дастан Ахметов.

Шығыс Қазақстанда шомылуға тыйым салынған 64 учаске бар. Туризм басқармасының мәліметі бойынша, облыс аумағында 562 демалыс орталығы тіркелген, оның 296-ы су жағалауларында.

Бүгінде Өскемен қаласындағы 2 ресми жағажай тексерілді. Әзірге олар демалушыларды қабылдауға әзір емес. Бұл орындардың басшыларына жағажайларды талапқа сәйкес дайындауға уақыт берілді.

Сондай-ақ қоғамдық құтқарушыларды оқыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Алакөл өзенінде суға шомылу маусымында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт сөндіру-құтқару бекеті ұйымдастырылмақ.


Соңғы жаңалықтар