Шымкент қаласы әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі «Оқушылар» сарайында «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» атты қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті.

Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта жетістіктерге қол жеткізген дарынды 250 оқушы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балаларды жаңа жылдық мерекемен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Жаңа жыл жаңа ғажайыпқа толы мереке. Қазіргі таңда біздің елімізде білім алуға, еңбек етуге және демалуға барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан, өздеріңізге сенімді болыңыздар. Отанды сүйіңіздер. Қашанда жақсылық жасап, мейірімді болуға тырысыңыздар. Сіздердің бүгінгі жасаған игі істеріңіз - бақытты болашақтың іргетасы. Еліміздің сенімін ақтайтын үлкен азамат болыңыздар. Жаңа жыл сіздерге көп қуаныш әкелсін!» - деді Ерлан Айтаханов.

Сонымен қатар қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаевтар да бүлдіршіндерді құттықтай келді.

Шыршаға қатысқан шымкенттік балғындар ертегілер әлеміне серуендеп, жаңа жылдық қойылымның ерекше кейіпкерлерімен жүздесті. Әр балаға 100 мың теңге көлемінде қаржылай сертификат табысталды. Шара соңында балдырғандарға мерекелік тәттілер үлестірілді. Балалар қала басшысымен естелікке суретке түсті.

Соңғы жаңалықтар