Шымкентте 2765 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алуға 2765 отбасыдан өтініш қабылданған. Бұл туралы ақпарат-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ербол Садырдың сөзінше, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау 5 қаңтарда басталған. Бүгінгі таңда 9 244 адамға кеңес беріліп, құжаттар 5 мекенжайда қабылданып жатыр.

«Биыл барлық төлемдер электронды форматта өтеді. Әр айдың 5-10 аралығында бір уақытта әлеуметтік аз қамтылған отбасылар жәрдемақысын алып отырады. Егер отбасы мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК төленбейді. Еңбекке қабілетті бола тұра жұмыс істемесе, бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады»,- деді қала әкімінің орынбасары.

Ербол Садыр сондай-ақ, үшінші мегаполисте аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы аясында 74 мыңға жуық бала ыстық тамақпен қамтылатынын атап өтті. Құжаттар мен жәрдемақы тағайындау электронды түрде жүргізіледі. Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жәрдемақы әр айдың 10-на дейін түсіп отырады.


Соңғы жаңалықтар