Шымкентте алдағы екі жылда 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 60 млрд теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылмақ. 2020-2022 жылдары іске қосылатын жобалардың нәтижесінде 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, ағымдағы жылы жалпы құны 1,316 млрд теңге болатын 3 жоба аяқталады. 128 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Яғни, аймақта алдағы үш жылда полипропиленді жіп пен дәкеден таңғыш материалдар, гигиеналық және әртүрлі форматтағы қағаздар шығарылмақ. Сондай-ақ, өндіріс аймағында камуфляжды торлар мен униформалар, арнайы киімдер тігетін кәсіпорындар ашылады.

Макулатурадан картон өндіретін, бақшаға арналған жазғы және былғарыдан жасалатын аяқ киімдер, өзге де бұйымдар өндірісі жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін қатысушы кәсіпорындар 61,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Осы өнімнің жартысынан астамы яғни, 42,1 млрд теңге сомасындағы өнім таяу және алыс шетелдерге экспортталған.

«Оңтүстік» АЭА жұмыс істеген кезең ішінде бюджетке салықтық аударымдар 4,3 млрд теңгені құраған.


Соңғы жаңалықтар