Шымкентте азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры мен қалыпты бөлке нан бағасы тұрақты және тапшылық жоқ.

Бүгінде қала аумағында 30 мың тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік тауарлардың қоры бар. Оның ішінде 5 айға жететін бірінші сұрыпты ұн қоры жасақталған – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполисте астықты қайта өңдейтін 10 ұн өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді. Олармен жылына 200 мың тонна ұн өндіріледі. Аталған диірмендерде екі айға жететін шикізат бар.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов ұн бағасының көтерілуі нан бағасының өсуіне әсер ететінін айтып, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін шетелге экспортталатын ұн көлемін азайта тұруды айтты.

Қазіргі таңда қалыпты бөлке нан бағасын тұрақтандыру мақсатында, наубайханаларға тұрақтандыру қорынан әлеуметтік бағада ұн үлестірілуде.

Сондай-ақ, макарон өнімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енуіне байланысты, тұрақтандыру қорының айналым қаражаты есебінен аталған өнімнің бағасын тұрақтандыру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл өнімдерді «Грамад» және «Магнум» ірі сауда желілерінен белгіленген бағада сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Әлеуметтік азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 7,7 млрд. теңге бөлінгенін айтқан шаһар басшысы қалада азық-түлік бағасына бақылау күшейтілгенін және бағаны шекті мөлшерден асырған кәсіпкерге әкімшілік жаза қолданылатынын ескертті.

Азық-түлік бағасы шекті мөлшерден асырылған жағдайда тұрғындар арнайы 24-75-41 телефон нөміріне хабарласып, шағым қалдыра алады.

Сондай-ақ, Шымкентте баға тұрақтылығын сақтау үшін әлеуметтік дүкендер саны артуда. Ал, әр аптаның сәрсенбі, сенбі және жексенбі күндері қаланың 4 жерінде жергілікті тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен базар нарқынан 10-15%-ға төмен бағада азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.


Соңғы жаңалықтар