Шымкентте екі қайырымды азамат Президент марапатына ие болды
Тәуелсіздік күніне 11 жасар баланың өміріне төнген қауіптен аман алып қалған зейнеткер Оразкүл Айтжанова ҚР Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Ал, мүгедектердің мүддесі мен қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін «Сынақ» мүгедектер қоғамдық бірлестіктер қорының төрағасы Мұрат Жетпісбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өзі бірінші топтағы мүгедек болғанына қарамастан ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әлеуметтік қамқорлыққа зәру азаматтарға жылдар бойы көмек қолын созып келеді.
Аталған марапатты қала әкімі Ерлан Айтаханов тапсырып, жанашыр азаматтарға зор алғысын білдірді. Сонымен қатар, қайырымды қаланың әр азаматы осындай қайсарлық танытып, өзгеге мейірімділік көрсететініне сенімді екенін жеткізді.
Айта кетейік, қоғамдық қызметте белсенділік танытатын Оразкүл Айтжанова - төрт баланың анасы, 15 немеренің әжесі. Ал, қайсар мінезді Мұрат Әбдікәрімұлы бес баланың әкесі. Ол төрағалық ететін қоғамдық ұйым бүгінде аз қамтылған, мүгедек азаматтардың көптеген мәселелерінің шешімін табуына өз септігін тигізіп келеді.
Бұдан бөлек мерекелік жиында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының 39 азаматы ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапатталды.