Шымкентте интернет алаяқтыққа қатысы бар күдіктіден 6 телефон мен 20 SIM карта тәркіленді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте интернет алаяқтыққа қатысы бар 5 күдікті анықталған. Олардың екеуі Ресей Федерациясында ұсталып, экстрадицияланып жатыр. Ал, 3 күдікті қамалып, тергеу амалдары басталды. Жалпы, олардың 20-ға жуық қылмыс жасағаны анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте биыл құрылған арнайы жедел-тергеу тобы 94 интернет алаяқтық қылмысын ашты. Жуырда аталған топ қылмысқа қатысты 1 күдіктіден 46 банк карточкасы мен 6 ұялы телефон және 20 SIM карта тәркіледі. Тексеру барысында күдікті банк карточкаларын құпия сөзімен бірге өзгелерден сатып алғаны белгілі болған. Сондай-ақ, өзінің сыйақысын алып, қалған ақшаны алаяқтық әрекетті ұйымдастырушыға жолдап отырған.

«Қаламызда тіркелген әрбір интернет алаяқтық қылмыстарын ашу және толыққанды тергеп-тексеру үшін полиция департаментінде 4 аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінен құралған арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Оған қалалық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері жетекшілік ететін 8 тергеуші, 8 жедел уәкіл жұмылдырылды», - деді Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев.

Сонымен қатар, ол интернеттегі алаяқтық қылмыстардың басым көпшілігі банк саласындағы операциялармен және микроқаржылық ұйымдардың жұмысымен байланысты екенін айтты. Сондықтан, жеке құжаттарды ешкімге бермеуді және белгісіз азаматтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырса немесе күдікті көрінген жағдайда, жеке деректерді айтпау керектігін жеткізді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағында 1321 алаяқтық қылмыс тіркелген, оның 366-сы интернет арқылы жасалған.


Соңғы жаңалықтар