Шымкентте кәсіпкерлікке заңсыз араласқан 13 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Шымкент қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінің ұйымдастыруымен «Бизнесті қорғау - өзара іс-қимыл, даму, проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Департамент басшылығы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы М.Сейтжанов пен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков қатысты.

Жиында бизнесті қорғау мен оған қолайлы инвестициялық жағдай жасау, аталған саладағы проблемалар мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру мәселелері сөз болды. Жергілікті кәсіпкерлер қатысқан жиында Департамент басшысы Асхат Жұмағали бизнеске қолайлы жағдай жасау және оның дамуы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Департамент басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Агенттікпен «Protecting Business and Investments, яғни бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы іске асырылуда.

«Аталған жоба Департамент тарапынан да жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 78 млрд теңгеге жуық 45 жобаға қолдау көрсетілуде», - деді Асхат Жұмағали.

Жалпы алғанда, өткен жылы бизнесті қорғау шаралары аясында департаментпен 30-дан аса кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 13 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Бизнесті қорғау мәселелері еркін форматта талқыланған жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау мақсатында квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтын құру жайы қамтылды. ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелер талқыланып, бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жиын соңында «Нұр-kz», «Бумпром», «Экофарм Интернейшнл», «Green Cross Eco» ЖШС-мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша келісімшартқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар