Шымкентте Наурызды тойлау басталып кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік тұрғын 45 келілік қошқарды 47 рет көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар басталды. Бүгін қалада өткен Қошқар ата сейілінде Шымкенттік тұрғын 45 келілік қошқарды 47 рет көтерді. Ал, Бәйдібек ауданы Теректі ауылынан келген Мейірхан Рысдәулетов 105 келілік қошқарды 21 рет көтерді.

Көктем мерекесінде шымкенттік жігіттер дөңке жарудан да жарысты. Ал, ақ жаулықты әжелер қол диірмен тартып, келі түйді. Табаға нан пісірді. Келіндер болса, самаурын қойып, палау басты.


Мерекелік іс шараға келушілер театр әртістерінің қойылымдарын тамашалады. Саз балшықтан құмыра жасаған қолөнершілердің өнерін көрді. Ұсталардың темір мен ағаштан жасаған бұйымдарымен танысты.

Шымкент қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, сәбилердің тұсауын кесті.


Көктем мерекесінде көпшілікке Наурыз көже таратылды.

Айта кетейік, биыл Шымкентте наурызнама дәстүрі заманауи үлгіде жаңартылып, тоғыз күн түрлі атаумен мерекеленеді. Әр күн өзіндік сипаты, өзіндік ерекшеліктермен ұйымдастырылмақ. Іс-шаралар барысы «Көрісу күні», «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер», «Шымырлық пен шеберлік», «Зияткерлік күні» болып жалғаспақ. Сондай-ақ, «Ұлттық тағамдар», «Nauryz Fashion Day» және «Гастроном Fest» фестивалі ұйымдастырылады. 22 наурызда «Ұлыстың ұлы күні Наурыз», «Наурыз Шымқалада» атты іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр.

Атаулы күндер 23 наурызда «Жоралғы күнімен» аяқталады.



Соңғы жаңалықтар