Шымкентте оқушылардың жаппай төбелесі бойынша күдіктілер қамауға алынды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте оқушылар жаппай төбелесіп, салдарынан 16 жасар бала дене жарақатын алған. Келеңсіз оқиға Теріскей мөлтек ауданында болған. Төбелеске оқушылар пышақ, шолақ мылтық және травматикалық тапанша алып барғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 қыркүйек күні сағат 13.50 шамасында полицияға жастар арасында жанжал туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген патруль жасағы құқық бұзушылықтың жолын кесті. Жасөспірімдер арасындағы қақтығыс бір-бірін жақтырмау салдарынан орын алған.
Қылмыс жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған 2 жасөспірім уақытша ұстау абақтысына қамалып, олардан пышақ, шолақ мылтық және травматикалық тапанша тәркіленді. Сондай-ақ, полиция басқармасына кәмелетке толмаған 17 жасөспірім жеткізіліп, олардың құқық бұзуға қатысы бар-жоғы анықталуда.
«Төбелес кезіндегі атыс фактілері расталған жоқ. ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр» делінген хабарламада.





Соңғы жаңалықтар