Шымкентте шетелдік инвесторлардың қатысуымен 15 жоба жүзеге асырылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Түркістан» сарайында өткен есепті кездесуде әкім алдымен 2019 жылы қаланың экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Жиынға қатысқан бір мыңнан астам тұрғыннан бөлек, шымкенттіктер қала басшысының есебін қала әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасында тікелей эфир арқылы да тыңдады.

Өткен жылы қалада біршама жұмыстар атқарылғанын айтқан қала әкімі жоспарлы индикаторларға қол жеткізілгеніне тоқталып өтті. Мәселен, өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өссе, ауыл шаруашылығы өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға артқан.

«Республика бойынша индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында Шымкентте 3 жылда 24 кәсіпорын ашылып, 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Ал, өткен жылы «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылды. Ол бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған еді. Қалада 2 индустриялық аймақ тиімді жұмыс істеуде. Қазіргі таңда 64 млрд теңге инвестиция тартылып, 72 жоба іске қосылды. Осының есебінен 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 13,4 млрд теңге салық түсті»,- деді М.Әйтенов.

Өз баяндамасында Мұрат Дүйсенбекұлы алдағы 3 жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылып, оған 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылатынын мәлім етті. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталған әкім өткен жылы 29 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді. Оның айтуынша, салаға соңғы 3 жылда 2,6 млрд теңге инвестиция салынып, 56 гектар жерге жылыжай және 215 гектар жерге қарқынды бау егілген. Ал, етке 24 мың бас ірі қара бордақыланып, 111 жанұялық сүт фермасы ашылған. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 млрд теңге субсидия төленген.


Соңғы жаңалықтар