Шымкентте стенд және оқ атудан ХХIX халықаралық онлайн-турнир өтуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында стенд және оқ атудан ХХIX халықаралық онлайн-турнир өтуде. Спорттық шара КСРО спорт шебері Владимир Почиваловты еске алуға арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық турнирдің ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен әлемнің төрт дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарынан келген 100-ге тарта спортшы қатысты. Он күнге созылатын турнир cтенд ату бойынша «SHYMKENT SHOOTING PLAZA» ашық ату алаңында өтсе, оқ ату жарысы Жоғары спорт шеберлігі мектебі базасының ату тирінде ұйымдастырылуда. Жарысқа онлайн түрде әлемнің 20 елінен, атап айтқанда Италия, Армения, Германия, Израиль, Бангладеш, Бутан, Катар, Иран, Ливан, Кувейт, Индонезия, АҚШ, БАӘ, Ресей, Беларусь, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстаннан спортшылар қатысуда. Оқ ату спорт түрінен Sius Ascor, стенд ату спорт түрінен Multi-Pull, Range Master бағдарламаларын қолданып, электрондық қондырғыларда өтеді. Сондай-ақ, турнир барысында Олимпиада ойындары мен Азия ойындары, Азия чемпионаттары және «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері өз шеберліктерін көрсетуі жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Шымкентке келген барлық спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілерден ПТР сынағының теріс нәтижесі бар анықтама алынған. Сонымен қатар, турнир өтіп жатқан спорт ғимараттарында барлық санитарлық нормалар сақталған.


Соңғы жаңалықтар