Шымкентте түн ішінде ұрланған қызды үйлену үшін алып қашқан болып шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте түн ішінде көпқабатты үйлердің ауласынан ұрланған қыз табылды. Оны ұрлаған жігіттер бойжеткенді үйлену үшін алып қашқан болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қызды алып қашқандар мен бойжеткен полицияға жеткізілді. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қызды алып қашқандардың және қыздың кім екенін анықтап, оларды Түркістан облысының аумағынан Полиция басқармасына алып келген. Тексеру барысында ер адам үйлену мақсатында екі досының көмегімен қызды алып қашқаны белгілі болды. Олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары.

«Сол түні мені 18 мөлтек ауданда сырттай танитын ер азамат маған үйлену мақсатында өзінің достарымен автокөлікке күштеп отырғызып, үйіне алып кетті. Осы күнге дейін мен сол ер адамның үйінде болдым. Маған зорлық-зомбылық іс-әрекеттер жасалған жоқ. Менің жағдайым жақсы», - деді жәбірленуші азаматша.

Еске салсақ, 29 наурызда әлеуметтік желіде қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында белгісіз тұлғалар қызды автокөлікке күштеп отырғызып алып кеткендігі туралы бейнежазба тараған болатын. Сол күні аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабының 2-бөлігінің 1- тармағымен (бас бостандығынан заңсыз айыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Алып қашуға қатысқан барлық қатысушылар ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қол қойды. Ал, автокөліктері айыптұраққа қойылды.


Соңғы жаңалықтар