Шымкенттік дәрігерлер жүкті әйелдің жүрегіне алғаш рет ашық ота жасады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент дәрігелері қолқа тамыры жарылған жүкті келіншектің жүрегіне алғаш рет ашық ота жасады. Операция кезінде әйелдің жүрегін уақытша тоқтатып, босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ота жасалған жүкті келіншекке «1 типті қолқаның жедел жыртылуы» диагнозы қойылған. Мұндай ауру кардиология мен кардиохирургияда сирек кездеседі. Статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мұндай диагноз қойылған пациенттердің 50% жедел жәрдем келгенге дейін, қалғаны отаға дейін өліп кетеді. Операция кезінде Кардиоорталықтың кардиохирургтар командасы жасанды қан айналым жүйесінің көмегімен жүректі тоқтатып қойып, қолқа тамырының доғасы мен супракоронарлық аймағына протез орнатты. Бір мезетте жасалған екі күрделі отаның нәтижесінде салмағы 3 келіден асатын ұл бала дүниеге келді. Дәрігерлер ана мен сәбидің бүгінгі жағдайын жақсы деп бағалауда. Кардиохирургтар операция кезінде ана мен шақалақтың өміріне қауіп төнгенін жасырмайды. Тәуекелге барған медицина мамандары отаны сәтті жасап шығып, екі адамның өмірін аман алып қалды. Айта кетейік, осы уақытқа дейін қалалық Кардиология орталығында қосарланған мұндай патологиямен жүкті әйелге ота жасалмаған.

«Еліміздегі Республикалық орталықтарда бірлі-жарым мұндай жағдайлар болған. Көптеген жағдайларда санитарлық авиация желісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы ҰҒКО республикалық орталықтарға тасымалдауға мәжбүр болатын едік. Пациенттерді санитарлық авиация желісі бойынша тасымалдау мемлекет үшін шығынды, сонымен қатар қолқаның жыртылуының асқынуы мен өлім қаупі өте жоғары. Біздің жағдайда пациенттің халі тасымалдауға жарамайды деп бағаланған. Жедел түрде консилиум ұйымдастырылып, Шымкент қаласының Кардиологиялық орталығында жедел түрде ота жасау қажет деген шешім қабылданды»,- дейді орталықтың мамандары.

Еске салайық, Шымкент қалалық Кардиология орталығында ағымдағы жылы қолқа тамыры жыртылған 7 науқасқа ота жасалған. Нәтижелері қанағаттанарлық деп бағаланған.

Соңғы жаңалықтар