Шымкенттің жедел жәрдем қызметі 100 жаңа көлікпен толықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні қарсаңында Шымкент қаласының жедел жәрдем қызметі 100 жаңа санитарлық автокөлікпен толықты. Қала әкімі Ерлан Айтаханов медицина қызметкерлеріне көлік кілттерін ьтабыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиында шаһар басшысы денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайдың орасан екенін айтып, елімізде бір мезетте мұндай көлемде жедел жәрдем көлігін беру алғаш рет Шымкентте орын алып отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда қала тұрғындары тарапынан жедел жәрдем қызметінің уақтылы келмеуіне байланысты көптеген сын-ескертпе айтылуда. Сондықтан, бүгінгі сыйға тартылған автокөліктер осы кедергілерді жойып, азайту мақсатында беріліп отыр. Жалпы, жедел медициналық жәрдем станциясында жедел жәрдем қызметін көрсететін 87 көлік болса, оның жартысынан көбі бүгінгі күнде тозығы жеткен деп айтуға болады. Сол себепті, оларды рет-ретімен азайтып, орнын жаңа көліктермен алмастырып отырамыз», - деді Ерлан Айтаханов.

Жедел жәрдем қызметін автокөлікпен қамтуды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы Шымкент жедел медициналық жәрдем стансасын жаңғырту жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жедел жәрдем автокөлігі инновациялық технологиялар қолданылған, заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Атап айтқанда, заманауи көліктерге сыртқы кардиостимулятор мүмкіндігі бар дефибриллятор мен өкпені жасанды желдендіру, реанимациялық портативті рюкзактар мен 12 каналды электрокардиографтар (ЭКГ) орнатылған. Сондай-ақ, стационарлық және портативті оттегі беру жүйесі, 4 реанимациялық бригадаларға жүрек массажына арналған автопульс, педиатриялық бригадаларға жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 4 инкубатормен жабдықталған.

Сонымен қатар, осы жоба аясында түрік жедел жәрдем қызметінің түрі бойынша сall-орталық әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылмақ. Жергілікті кадрларды шұғыл жағдайларда симуляциялық макеттерде жұмыс істеуге оқытудан өтіп, біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, түрік компаниясы тарапынан инвестицияның жалпы сомасы 6,3 миллиард теңгені құрайды. Бұдан басқа, аталмыш түрік инвесторлары қаладағы индустриалды аймақта жедел жәрдем қызметін құрал-жабдықтармен қамту кәсіпорнын ашуды да көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар