ШЫҰ елдерінің жоғарғы сот төрағалары онлайнда сот жүйесіне қатысты мәселелерді талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Жоғарғы сот төрағаларының XV кеңесі онлайн режимде өтті. Осы жылы іс-шараны Қазақстанның Жоғарғы соты ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның жұмысына Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан жоғарғы сот органдарының төрағалары қатысты. ШЫҰ Бас хатшысы, ЕҚЫҰ адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі және Моңғолия, Ауғанстан және Беларусь секілді бақылаушы елдердің өкілдері мейман ретінде қатысты.

Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов форумды аша келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.


Одан әрі Қытай Жоғарғы сотының төрағасы Цянь Чжоу, Қырғызстан Жоғарғы сотының төрайымы Гүлбара Қалиева, Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Вячеслав Лебедев, Өзбекстан Жоғарғы сотының төрағасы Козимджан Камилов және Беларусь Жоғарғы сотының төрағасы Валентин Сукало, Тәжікстан Жоғарғы соты төрағасының орынбасары Лутфуллозода Шавкат, Үндістан Жоғарғы сотының судьясы Лалит Удай және Пәкістан Жоғарғы сотының судьясы Ахтар Муниб әріптестеріне арнап, кіріспе сөз сөйледі.

XV кеңестің күн тәртібіне сәйкес, спикерлер сот жүйесі қызметінің негізгі бағыттарына байланысты мәселелерді қозғады.

Мәселен, Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы Аслан Түкиев сот жүктемесі мен сот төрелігіне қол жеткізу бағытында қабылданған шаралар қатарында сот орындаушысының іс-әрекетіне және борышкерді іздестіруге қатысты санкциялардың басқа ведомстволарға берілуін, берешекті өндіріп алу, еңбек дауларын реттеу тетіктерін атап өтті. Дауды сотқа дейін немесе одан тыс реттеу аясы кеңейтілді. Соттар қылмыстық істер материалдарына және айыптау дәлелдеріне (тергеу санкциясынан бас тарту көрсеткішінің 2015 жылғы 6%-дан 2019 жылы 25%-ға дейін өсуі) талап қоя бастады. Ақталғандардың 3,1%-ға өсуі прокуратураны сот перспективасы тұрғысынан істерді мұқият талдауға ынталандырды.

А.Түкиев заңға енгізілген түзетулердің істер мен материалдар түсімінің өсуін қысқартқанын атап өтті (2019 жылы – 3,3 млн, бұл 2018 жылға қарағанда 25%-ға аз, ағымдағы жылға болжам – 1 млн 400). Судьялар корпусынан неғұрлым білікті және жауапты судьялардың кету үрдісі тоқтады. Судья болғысы келетіндер саны едәуір артты.

ҚР Жоғарғы соты департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров пандемия жағдайында соттарды қашықтықтан жұмыс істеу форматына толығымен көшіру бағытында қабылданған шаралар туралы айтты. Бұл шаралар соттарды цифрландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Виртуалды кеңсе интернет байланысы бар әлемнің кез келген жерінен қарапайым смартфоннан QR код арқылы құжатқа қол қойып, қазақстандық сотқа жүгінуге мүмкіндік берді. Мұны қамтамасыз ету үшін серверлік қуат пен деректерді электронды сақтау көлемі 10 есе ұлғайтылды.

Бүгінде сот залдарында судья мен хатшы ғана отырады. Прокурор, адвокат, талапкер, жауапкер және БАҚ өкілдері – бейнебайланыс (БКБ) арқылы қатысуда. Инвесторлар мен шетелде жүрген азаматтардың біздің соттармен коммуникацияға түсуі қиындық туғызған жоқ. Пандемия басталғалы бері 20-дан астам елдің өкілдері процестерге онлайн режимде қосылды.

«Біз күн сайын процеске қатысушыларды анықтау және байланыстың түрлі ақауларынан бастап, интернет сапасының нашарлауына дейінгі қиындықтарға кездесеміз. Алайда дәл осы IT-шешімдер процеске қатысушылардың қауіпсіздігі мен сот төрелігіне қолжетімділік арасындағы теңгерімді табуға мүмкіндік береді», - деді Наиль Ахметзакиров.

Жоғарғы Сот департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов сот ақпаратын дұрыс берудің маңыздылығын, сондай-ақ қате ақпаратты БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарату қаупін атап өтті. Ол судьялардың сот ісін жүргізуі мен құқық қолдану қағидаттарын халыққа түсіндіру жұмысы туралы айтып берді.

Е.Жұмақсанов кейбіреулердің PR жасау үшін әлеуметтік желіде соттың абыройын түсіру үшін әдейі дүрліктіру үрдісі - «сот төрелігін жанжалдандыру» мәселесіне назар аударды. Ол Мемлекет басшысының судьялар съезіндегі: «Бұқаралық ақпарат құралдарының жариялылығы мен ашықтығын сотқа қысым жасау үшін пайдалануға болмайды. Сотқа қысым жасау фактілері үшін заң бойынша жауап беру керек» деген сөзін мысалға келтірді.

Әрі қарай Үндістан Жоғарғы сотының судьялары Лаву Нагершвара мен Венкатараман Рамасубраманян конституциялық құндылықтар мен адам құқықтарын ілгерілетудегі соттардың рөлі туралы айтты.

Қытай Жоғарғы сотының төрағасы Ц.Чжоу және орынбасары В.Ян соттардың COVID-19-дың алдын алудағы, ахуалды бақылаудағы және әлеуметтік-экономикалық саланы дамытудағы рөлі, сондай-ақ коммерциялық дауларды шешу тетіктерін жетілдіру туралы айтты.

Қырғызстан судьялары Ч.Досмамбетова, О.Сарыбаев және М.Тагаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сот ісін жүргізуді автоматтандыру және пандемия мен дағдарыс кезіндегі соттардың жұмысы туралы сөз сөйледі.

Пәкістан Жоғарғы сотының судьясы М.Ахтар өзінің баяндамасын «Пәкістан, пандемия, заң» деп атады.

Ресей Федерациясы Жоғарғы сотының төрағасы В.Лебедев соттар жұмысын пандемия жағдайына бейімдеудің ресейлік тәжірибесіне, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және оны қолдану шараларына назар аударды.

Тәжікстан Жоғарғы сотының судьялары Т.Кодирзода мен С.Хакимзода көші-қон құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік және ата-ана құқығынан айыру істерін қарау туралы сөз сөйледі.

Өзбекстан Жоғарғы сотының судьялары Н.Бобохонова, Ф.Тұрсынов пен Н.Худояров істерді алдын ала тыңдау, әкімшілік сот ісін жүргізу және инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы айтты.

ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі В.Ричи қоғамдық қауіпсіздікті күшейту туралы айта келе, форумға қатысушылардың назарын адам саудасы проблемасына аударды.

XV кеңес соңында делегаттар өзара пікір алмаса келе, дәстүр бойынша бірлескен мәлімдемені қабылдау рәсіміне қатысты.


Соңғы жаңалықтар