СІМ: Қазақтардың Қытайдан Қазақстанға келу мәселесі шешімін тауып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қытайдағы қазақтардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі кездері Қытайдағы қандастарымызға байланысты неше түрлі әңгімелердің тарауына байланысты осы туралы қысқаша мәлімет беріп кетейін. Министрлік қандастарымыздың мәселесін шешу мақсатында Қытай тарапымен тығыз диалог орнатып, түрлі келіссөздер мен консультациялар өткізуде. Өздеріңізге мәлім, 2017 жылдан бастап Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі миграциялық режімнің және терроризмге қарсы күрестің күшеюіне байланысты Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға шығу мәселесі қиындады. Дей тұрғанмен, дипломатиялық арналар арқылы атқарылған шаруалардың нәтижесінде қазақтардың Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесі дұрыс шешімін табуда», - деді Шахрат Нұрышев елордада өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстелінде.

Оның айтуынша, қытайлық тараптың мәліметі бойынша қандастардың Қытайдан Қазақстанға шығуына қойылған шектеу алынып тасталған.

«Тек Қытайдың заңдарын бұзғандарға ғана шектеу қойылатыны ескертілді. 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында еліміздің Қытайдағы консулдық және дипломатиялық мекемелерінен 38393 этникалық қазақ визасын алып, Қазақстандағы туыстарымен қауышты. Қос азаматтығы үшін Қытайдан шыға алмай жүрген 35 қазақтың 30-ы босатылып, елімізге оралды», – деді ол.

Шахрат Нұрышевтың айтуынша, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен қабылдаған этникалық қазақтар Қазақстанның Қытайдағы дипломатиялық өкілдіктері арқылы Қытай азаматтығынан шығу мәселесін ресімдеп жатыр.

«Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің ресми мәліметі бойынша, соңғы 1,5 жыл ішінде 6,5 мыңнан астам этникалық қазақ Қытай азаматтығынан шығарылды. Алайда Шыңжаңдағы көші-қон саласына енгізілген жаңа тәртіпке байланысты мемлекеттік қызметтегі, құқық қорғау органдарында қызмет ететін, әскери борышы бар және партия мүшелері болып табылатын қазақтардың Қытай азамттығынан шығу мәселесі әлі де болса шешімін таппай отыр. Дегенмен, министрлік бұл мәселені өз бақылауында ұстап, Қытай тарапымен жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Осы ретте Қытайдағы қандастарымызға Қазақстан мен Қытайдың заңнамаларына сәйкес, қос азаматтыққа жол бермеу керектігін тағы да ескерте айтқым келеді» - деп түйді Шахрат Нұрышев.

Соңғы жаңалықтар