Сириядан оралған Шынар басынан өткендері туралы кітап жазбақшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған отандастарымыздың қатарында Шымкенттік Шынар да бар. Бес жылдай берекесі қашқан бөтен елде өмір сүрген ол, бастан кешкендерін бүкпесіз баяндап берді.

Шынар Шам өлкесінен келген әйелдердің бірі. Өз елінен безіп, өзегі өртенген келіншектің тағдыры ауыр. Соңғы бес жылы шым-шытырық оқиғаға толы. Қанды қырғынды көзбен көріп, зұлымдықтан әбден әбіржіген.

«Күндіз-түні бомбылайды. Тас талқанын шығарады. Сол елді мекенді жермен жексен еткенше бомбылайды. Сосын біз қашып басқа ауданға, басқа қалаға көшеміз. Көшпелі өмір болды. Көз алдымызда адамдар өліп жатты. Жаның ашиды, көмектескің келеді. Бірақ амалың жоқ. Тастап кетуге мәжбүрсің өз басыңды аман алып қалу үшін»,- дейді Шынар.

Шынар 2015 жылы жолдасымен бірге ең алдымен Түркияға келеді, кейін күйеуімен Сирияға аттанады. 31 жастағы келіншектің жанатты аңсаған жолдасы Ислам мемлекетінде жайма-шуақ өмір сүреміз деп сендіріпті. Бірақ, Сириядағы сұмдықты көргенде, тозаққа тап болғанын түсінеді.

«Мен шариғат заңы орын алған жерге барам, сенің қалауың өзіңде. Барсаң жүр, бармасаң қал, бірақ мен балаларымды алып кетем», деп айтты. Оны ойынан қайтаратын білімім болмады. Шамам жетпеді. Шарасыз күйге түстім. Балаларым үшін баруыма тура келді»,- дейді келіншек.

Күйеуі алғашқы жылы-ақ мерт болады. Тауы шағылып төрт баламен далада қалған Шынар тағы да тұрмыс құрады. Сәби сүйеді. Бірақ ол күйеуімен дәм тұзы жараспай ажырасып тынады.

Келіншектің айтуынша, Сирияда күйеусіз жүргізіп қоймайды. Сондықтан келіншектер бірнеше рет тұрмысқа шығуға мәжбүр. Бүгінде Оңтүстік Қазақстанның тумасы шырғалаңнан бес баласымен аман-есен шығып, бейбіт елде жүргеніне қуанады.

«Біздің соңғы бір айда Сирияда көргендерімізді ешкімнің басына бермесін. Небір сұмдық әрекеттердің куәсі болдық. Мен ол жақта күндіз түні құдайдан кешірім сұрап, Қазақстанға аман-есен оралуымды сұрайтынмын. Аллаға шүкір дұғаларым қабыл болып елге оралдық. Аллаға сансыз шүкір деймін. «Жусан» бізге тағы бір өмір сыйлады»,- дейді Шынар.

Қазір келіншек бес баласымен оңалту шараларынан өтіп жатыр. Бар арманы балаларының бойындағы үрей мен қорқыныш тезірек сейіліп, ұмыт болса екен дейді.

«Жүрегім кішкене тынышталды. Алдағы уақытта кітап жазуды жоспарлап отырмын. Мен көзімен көрген нәрселерімді қағаз бетіне түсіргім келеді. Соны жастар оқып, білсе екен деймін. Жат ағымдағылар оларды ешқашан үжмаққа шығармайды. Керісінше өмірлерін тозаққа айналдырады»,- деп Шынар әңгімесін қортындылады.

«Жусан» операциясы Шынар сияқты қазақстандық ондаған келіншекке қайта өмір сыйлады. Олар ойланбай от басқандарын Сирияға барған кезде ұқты. Елімізде оңалту шараларынан өтіп, көптеген мамандардан кеңес алып жатқан отандастармыз қазір өкінеді. Қазіргі армандары бір. Өз елдерінде бақытты ғұмыр кешу.

Соңғы жаңалықтар