«СК-Фармация» басшысы емханаларға жетпей қалатын тегін дәрілерге қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп тегін дәрілердің емханаларға жетпей қалып жатқан жағдайына қатысты түсінік берді. Еске салайық, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар емханаларға тегін жеткізілуі тиіс. Алайда бұған қатысты шағымдар да баршылық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, өңірлерде кейбір кезде жоспарлау тұрғысынан мәселе туындайды. Байланыс орталығының пайда болуының ең бірінші себебі де осы. Осылайша, азаматтармен тікелей жұмыс жүргізуді жолға қойдық. Кейбір жағдайда медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектер бітіп қалады. Кейбір медициналық мекеме керекті дәрі-дәрмек үшін өтінімді дұрыс бермей жатады. Сондықтан, әрбір азаматтың байланыс орталығына (1439 нөмірі) хабарласуына мүмкіндігі бар», - деді Берік Шәріп Парламент Сенатының депутаттарымен кездесу барысында.

Оның айтуынша, мамандар әр шағымды жеке қарастырып, мәселені шешуге тырысады.

«Әрбір шағым бойынша медициналық мекемемен тікелей хабарласамыз. Әр өңірде өзіміздің дәрі-дәрмек сақтайтын қоймамыз бар. Сол қоймадан дәрі-дәрмек жібереміз. Яғни, шағым түскен өңірдегі медициналық мекемеге 2-3 күннің ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жібере аламыз. Одан бөлек сирек кездесетін дәрі-дәрмекке арналған республикада төрт қоймамыз – Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде бар. Осы фармацевтикалық төрт хабтағы дәрі-дәрмекке байланысты арыз болса, тиісті дәріні 5-7 күнде жеткізе аламыз», - деді ол.

Берік Шәріптің сөзіне сенсек, «СК-Фармация» ЖШС-ның веб-сайтында дәрілік заттардың емханалардағы мөлшерін көруге болады. Яғни, әр науқас өз дертіне қарай қандай дәрі-дәрмекті алып отыр – сол дәрінің атауын веб-сайтқа енгізіп, қалғанын немесе қалмағанын көріп отыра алады.




Соңғы жаңалықтар