«СҚ-Фармацияның» экс-басшысына тағы бір айып тағылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріпке қатысты сот талқылауы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріпке қатысты қылмыстық істің басты сот талқылауы Есіл ауданының №2 аудандық сотында бүгін басталды. Берік Шәріпке Қр ҚК-нің 361- бабының (Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану) 4-бөлігі 3- тармағы, 287-бабының (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр», - деді қалалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.

Айта кетейік, 361- бабтың 4-бөлігі 3-тармағында ауыр салдарға алып келу, сондай-ақ 284-баптың 2-бөлігінде жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру айбы қарастырылған.

Биыл қаңтар айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов «СҚ-Фармация» ісіне күдіктінің кесірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырғанын мәлім еткен еді.

«СҚ Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп 2020 жылы тамызда ұсталған болатын.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оған қатысты 2 ай мерзімге тұтқынға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Былтырғы 10 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевт Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС қоры мен «СҚ-Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын.

Кейін «СҚ-Фармация» қызметінде тексеру басталды.


Соңғы жаңалықтар