СҚО әкімі баспанасы өртенген ауыл тұрғындарына көмек көрсетілетінін айтты
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі өз парақшасында зардап шеккендер көмексіз қалмайтынын жазды.
«Кеше Қызылжар ауданы, Желяково ауылында қураған шөп жанып, 3 тұрғын үй және бос тұрған 3 үй өртеніп кетті. Қатты жел жұмысты қиындатқанымен, өрт сөндірушілер оттың таралуына жол бермеді. Ауылда 51 үй бар. Өрттің себебі анықталып жатыр. Зардап шеккендер туыстарына уақытша орналастырылды, оларға қажетті көмек көрсетіледі», - деді Құмар Ақсақалов.
Қазір Қызылжар ауданының волонтерлері әлеуметтік желіде Желяково елді мекенінде баспанасыз қалған тұрғындарға жылу жинап жатыр. Негізінен ересек адамдарға арналған киім-кешек, тұрмыстық заттар, төсек-орын, ыдыс-аяқ қажет.
Естеріңізге салайық, кеше СҚО Қызылжар ауданындағы Желяково ауылында түс кезінде өрт шығып, 6 үй және бір қора-қопсы жанып кетті. Қатты дауылдың салдарынан өрт сөндірушілер жалынмен 7 сағат бойы күресті.