СҚО-да 1 желтоқсанда аналогтық телехабар тарату өшіріледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы 1 желтоқсаннан бастап цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесіне көшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясы басшысының міндетін атқарушы Еркін Мекенов брифингте өңірді цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесіне көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Еркін Мекеновтың айтуынша, биыл СҚО мен Алматы қаласы толық цифрлық хабар тарату жүйесіне көшпек. ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің бұйрығына сәйкес бұл меже 1 желтоқсанға белгіленген. Бұл күні аналогтық телехабар тарату желісі өшіріледі.

«Цифрлық хабар таратуға көшу жобасы аясында көптеген дайындық жұмыстары жүрді. Аймақта 42 радио-телевизиялық станса тұрғызылып, жаңғыртудан өткізілді. Нәтижесінде цифрлық эфирлік хабар тарату сигналымен 617 елді мекен қамтылып отыр. Осылайша 538 мыңға жуық адамға, яғни облыс халқының 98 % жаңа жүйе қолжетімді болмақ», - дейді Еркін Мекенов.

«Қазтелерадио» АҚ техникалық орталығының мәліметі бойынша, аналогтық телерадиохабар тарату желісі өшірілген соң өңірдің 4 мыңнан астам халқы бар 21 елдімекені теледидар көре алмайды. Бұл ауылдарды цифрлық хабар тарату жүйесіне қосу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қосымша жұмыстар жүргізілмек.

«Цифрлық хабар таратуға көшудің арқасында тұрғындар хабар тарататын телеарналардың өнімін жоғары сапада көре алады. Хабарлардың бейнесі мен дыбысы жақсарады. Екіншіден қолжетімді телеарналардың саны ұлғаяды. Бүгінде облыс аудандарында 11 телеарна көрсетеді. 1 желтоқсаннан бастап олардың саны 15-ке артпақ. Жаңа форматқа көшу – Ресеймен шекаралас орналасқан облыс ауылдары үшін тиімді болады. Өйткені тұрғындар қазір көрші мемлекеттің телеарналарын көруге мәжбүр. Енді халық ұлттық және жергілікті арналарды тамашалауға мүмкіндік алады», - дейді СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясы басшысының міндетін атқарушы Еркін Мекенов.


Соңғы жаңалықтар