СҚО-да 16 оқушы мен 13 мұғалім коронавируспен ауырып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда оқушылар мен мұғалімдердің коронавирус жұқтыруына байланысты Н.Крупская атындағы № 10 орта мектеп қашықтан оқуға көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының мәліметінше, Н.Крупская атындағы № 10 орта мектепте 2 оқушы мен 2 мұғалім коронавирус жұқтырған.

«Бұған дейін біздің мектепте ауырғандар тіркелген емес. Бұл жолы барлық сырқаттанғандар инфекцияны мектептен тыс жерде жұқтырған. 28 сәуір күні барлық оқушыларды қашықтан оқуға жібердік, ал 6 сыныпты карантинге жабу туралы шешім қабылданды. Ол 1-сынып, мұнда бір оқушы отбасында коронавирус жұқтырған, дәл осылайша 4-сыныптардың біреуі жабылды. Ал кеше 5-сыныптың төртеуі карантинге жабылды. Балаларға сабақ берген ұстаздың ПТР-тесті оң нәтиже көрсетті», - дейді Н.Крупская атындағы № 10 орта мектептің директоры Татьяна Анцибор.

Жалпы қазір өңірде бұл мектептен басқа тағы 2 білім ордасы карантинге жабылған. Дарынды балаларға арналған және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим қазақ орта мектебінде бір-бір мұғалімнен ауырған.

Ал сәуір айының басында қашықтан оқуға көшкен Петропавлдағы № 1 мектеп бүгіннен бастап оқу процесін дәстүрлі форматта жалғастырады.

Жалпы облыста қазір коронавируспен 16 оқушы және 13 ұстаз ауырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар