СҚО-да 30-дан астам адамды кене шақса, оның жартысына жуығы - балалар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айының басынан бері 31 адамды кене шаққан, олардың жартысына жуығы 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биыл 31 адамды кене шақса, бұл өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 36 %-ға төмен.

Дәрігерге қаралған олардан кене энцефалиті анықталмады.

«Кене энцефалиті қауіпті инфекциялық ауру. Орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Иксодты кене шаққан жағдайда адам мүгедек болып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Ауру тек 2-10 күн аралығында ғана байқала бастайды. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін күрт көтеріледі, бас ауырып, әлсіздік болады, дене бөртіп кетеді», - дейді СҚО СЭБД бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожина.

Мамандардың айтуынша, зиянды жәндіктен қорғанудың ең тиімді жолы - вакцина алу.

Екпе аңшылар мен балықшыларға, орман мен саяжайда еңбектенетін жандарға тегін салынады.

Биыл кене, маса-шыбынмен күресу үшін СҚО-да дезинсекциялық жұмыстарға 5 млн теңге бөлінді. Жұмыс сәуір айының соңында басталды.

Ал мамыр айында 689 га жер өңделмек.

Олар – Петропавлдағы саябақтар, Н.Погодин атындағы драма театры маңындағы және Черемушки шағын ауданындағы жасыл желектер, Мещан орманы, 19-20 ықшам аудан, Рабочий, Жұмысшы кенттеріндегі айналма жолдар, Ойқала және Былғары зауытындағы жол шетіндегі көлдер мен Новопавловка елді мекенінде орналасқан зират.

Сондай-ақ Айыртау ауданындағы демалыс орындары да зиянды жәндіктерге қарсы зарарсыздандырылады.


Соңғы жаңалықтар