СҚО-да 500 тоннаға жуық қиыршық тасты заңсыз өндіргендер анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 25-28 маусым аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 153 дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үш тәулік бойы полиция қызметкерлері экология департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлерімен бірге ауқымды рейдтер ұйымдастырды.

Кешенді жұмыстың нәтижесінде облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 153 дерегі анықталды. Экологиялық қылмыстарға қатысты сотқа дейінгі екі тергеу жүргізілуде.

Рейд барысында Шал ақын ауданында табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланғандар ұсталды. Осы ауданның табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Крещенка елді мекені маңындағы ескі кен орнында техниканың жүргенін байқайды. Ол оқиға орнына жетіп, біреулердің арнайы тиейтін техникамен екі «КамАЗ» көлігіне қиыршық тас тиеп жатқандарын көреді.

«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бабы бойынша іс қозғалды. Тексеріс кезінде ЖШС бірінің басшысының қиыршық тасты өз аумағындағы жол мен алаңға, қоймалардың маңына төсеу үшін алып жатқаны анықталды. Алайда кен орнында жұмыс істеп, өндіруге оның ешқандай рұқсат құжаты болмаған. Бірнеше күн бойы карьерден жалпы салмағы 480 тонна қиыршық тасты заңсыз тасымалдап, шығарған. Қазір келген шығын мөлшері анықталып жатыр.

Бұдан басқа «Браконьер» іс-шарасы аясында «Аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша 94 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балық аулау тәртібін бұзған 32 балықшыға айыппұл салынды.

Тексеріс барысында азаматтық және қызметтік қаруды және оның патрондарын сатып алу, сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын бұзудың 21 фактісі анықталды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына заңнаманы қатаң ұстану қажеттілігі түсіндірілді.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы ең алдымен заңсыз аңшылықпен күресу және экологиялық қылмыстарды ашу бойынша профилактикалық жұмысты ұйымдастыруға бағытталды.

Операция аяқталғанымен, облыста жануарлар мен орман шаруашылығын қорғау бойынша жұмыс жалғасады.


Соңғы жаңалықтар