СҚО-да 58 жастағы ер адам сегіз күннен бері табылмай жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Смирново елді мекенінің 58 жастағы тұрғынына іздеу жарияланды. Петропавлға жұмыстарымен кеткен ер адамнан сегіз күннен бері хабар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданы полиция бөліміне 26 сәуірде Смирново ауылының тұрғыны 58 жастағы әкесінің жоғалғаны жайлы хабарлаған. Қызының айтуынша, ер адам 20 сәуір күні «ЗиЛ» көлігіне қосалқы бөлшек алу үшін Петропавл қаласына кеткен. Сол уақыттан бері одан хабар болмапты.

Жоғалған ер адамның дене бітімі арықша келген, бойы 160-165 см, шашы қара қоңыр, қысқа, шашы мен мұртын ақ шала бастаған, көзі қоңыр түсті, оң қолындағы білегінде туа біткен дөңгелек пішінді меңі бар. Үйінен кеткен кезде басында фуражка, үстінде ұзын қара куртка, қара шалбар болған. Мойнына кресі бар сары түсті алқа тағып жүрген.

«Смирново ауылының тұрғынын іздеуге жеке құрам мен полицияның кешенді күштері, бейнебақылау инспекторлары бағдарланды. Волонтерлер де көмектесіп жатыр. Із-түссіз жоғалған адам туралы хабарлама әлеуметтік желілерге орналастырылды. Криминалдық полиция қызметкерлері оның болуы мүмкін жерлерді тексеріп жатыр», - дейді СҚО ПД КПБ бөлім бастығы Сейілхан Жұмағұлов.

Полицейлердің айтуынша, жоғалған адам туралы толық мәліметті, оның таныстары мен әдеттері жайлы білу маңызды. Мысалға, іздеудегі адамның ішімдікті асыру пайдалануға бейім болуы, бұл бірден аталған санаттағы адамдарды тартатын көңіл көтеретін және басқа да орындарды назарға алып, іздеуге бағыт береді. Із-түссіз жоғалғанның есте сақтау қабілетінен айырылуы қиындық туғызатын жағдай, оның жүрген жерін анықтау аса қиынға соғады.

Жыл басынан полицияға СҚО тұрғындарынан адамдардың із-түссіз жоғалуымен байланысты 124 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 118 жоғалған кезекші тәулікте табылып, тағы бесеуін іздеуге уақыт қажет болды, біреуі әлі табылған жоқ.


Соңғы жаңалықтар