СҚО-да әкімшілік қамаудан босаған ер адам көлік айдап кеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мас ер адам есігі жабылмай қалған өзгенің көлігін айдап кетті. Ол жақында ғана 15 тәулік әкімшілік жазасын өтеп шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғыны үйдің жанына қалдырылған «ВАЗ-2107» автокөлігін таңертең орнынан таппаған. Ер адам бірден полицияға жүгінді. Айдап әкетілген автокөлікке қатысты патрульдік полиция батальонының нарядына бағдар берілді. Тәртіп сақшылары жолдардағы бекетті күшейтті.

Жарты сағат өткеннен кейін автопатрульдердің бірі Аққайың ауданы Аралағаш ауылы маңынан, яғни «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 425- шақырымында белгілері бойынша ұқсас көлікті байқаған. Салонда болған ер адам орманда жасырынбақ болып қашқанымен, қолға түсті. Ұсталған кезде ол мас болды. Күдікті Петропавлдың 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адамның айтуынша, оталдыру кілті салонда қалған автокөлікті байқаған ол мүмкіндікті қалт жібермеуді жөн көріпті.

«Тексеру барысында 4 қазанда күдікті 15 тәулік әкімшілік жазасын өтеп шыққаны және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні жедел-тергеу тобына тапсырды, олар процессуалдық шешім қабылдау үшін оны Бескөлге жеткізді», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Қызылжар ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, ұсталған ер адам бұрын тонау жасағаны үшін сотты болған, ал қазіргі уақытта екі ұрлыққа және облыс орталығында мас күйде жасалған бір көлік айдап әкетуге күдіктелуде. Бұдан бөлек, ол басқару құқығынан айырыла отыра, мас күйде көлік жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айдап әкетілген көлік тәркіленді және тергеу әрекеттері аяқталған соң иесіне қайтарылады.


Соңғы жаңалықтар